ЖаңалықтарКемедегi «Kcell»... Қазығұрт ауданның 75 жылдығын мерекелеу бары-сында Қазығұрт тауын ұлттық-тарихи құндылық санатында қастерлеуге қатысты бiрқатар игiлiктi iстер жүзеге асырылды. Алматы-Ташкент трассасы бойындағы Қазығұрт асуының тұтастай бiр қапталында “Кеме қалған” деп аталатын тарихи мемориал ашылды.  Бұл этнографиялық кешен аясында өрге көтерiлер беткейге асфальт төселген, табиғи тас қаланған жолдар салынды. Мәдени-көпшiлiк шаралар өтетiн алаң, демалатын орындар жасалды. Мемориал орналасқан ауқымды алапқа сәндiк жасыл желек отырғызылды. Белестiң ең биiгiндегi тепсеңге кеменiң сұлбасы орнатылды. Қысқасы, мұнда келген әрбiр адам қызығып, сүйсiнетiндей етiп абаттандырылды. Содан берiде 8 жыл өттi...
Бiрде Алматыдан келген белгiлi бiр жазушымен Шардараға кетiп бара жаттық. Қазығұрт асуынан өтерде ұлы таудың киелiлiгi, шежiресi жөнiнде әңгiме өзiнен-өзi туындамай ма. “Әне, анау сол кеменiң макетi” дедiм жолаушы жолдасыма төбенiң ұшар басын нұсқап. “Қайдағы кеменiң нобайы. Тура телемұнараға ұқсайды ғой” дедi қонақ.
Расында Қазығұрт асуындағы биiкке орнатылған «Кеме қалған» ескерткiшi телемұнараға айналғандай. Кеме сұлбасының желкен орнатылуға тиiс биiк тұғырына “Kcell”, “Dalacom”, “Beeline” ұялы байланыс жүйелерiнiң қабылдағыш-таратқыш аппараттары орнатылғанына да 3 жылдай болып қалыпты. Ендi бұл мынадан кейiн киелi кеменiң белгiсi емес, байланыс жүйесiнiң қондырғысы емей, немене сонда?!
Мұның мәнiсiн Қазығұрт ауданы әкiмшiлiгiнiң бiлдей жауапты қызметкерiнен бiлмек болғанымызда ол: “Ұялы байланыс жүйелерiнiң мекемелерi осы “Кеме қалған” ескерткiшiнiң желкенге арналған ұстынын жалға алғаны үшiн аудан бюджетiне салығын төлейдi. Егер жалға беру заңға қайшы болса онда оны тоқтамыз” деген екi ойдың ұштығын шығарды. Бар мәселе кеме ескерткiшiнiң жалға өткiзiлiп, одан тапқан пайданың заңдылығында емес, басты гәп – әуелде ту еткен тұрлаулы мақсаттың мәнiн төмендетуде болып отыр.
Кеме-ескерткiштiң тiрек негiзi – қабырғасы бетондалып, тысы табиғи әшекей таспен өрiлген әп-әдемi, шағын ғана үй. Мiне, көлемi ықшам ғана осы бөлмеде аудандық мұражайдың филиалын ашу жөнiнде оның директоры, сазгер, әншi әрi ғалым Райымқұл Темiрбаев өзiнiң мекемесi қарайтын облыстық мәдениет басқармасының ықпал етуiн өтiнiп жүргенiне бiраз болыпты. Аудан әкiмдiгiне де ұсыныспен шығыпты. “Егер сол үйде аудан тарихын баяндайтын құжаттар мен басқа да құнды жәдiгерлердi қояр болсақ, аудан шекарасындағы мемориалға ат басын тiреген адамдар өлкемiздiң кешегi, бүгiнгi өмiрiмен таныса алар едi” дейдi ол. Бұл бөлмеге Түркiстандағы мұражай мекемесi де көз тiгiп жүрген көрiнедi. Демек, “Кеме қалғанның” туған жердiң тарихы жөнiнде мағлұматты халыққа кеңiнен таныстыруға елеулi үлес тигiзетiнiн пайымдағандық бұл.
«Кеме қалғанға» қатысты осындай мәселелердi аудан әкiмдiгi ескерсе деп ойлаймыз. Оңтүстік Қазақстан
|